Өндірісті локализациялау туралы шешім Allur зауытындағы өндірістік желілерді, жабдықтарды және сапа бақылау жүйесін тексергеннен кейін қабылданды. Li Auto мамандары персоналдың дайындық деңгейін және халықаралық жобалармен жұмыс тәжірибесін бағалады.
Аудит нәтижесінде қазақстандық алаң Қытайдан тыс алғашқы рет таңдалды. Негізгі факторлар ретінде дамыған өндірістік мәдениет, команданың инженерлік құзыреттері және әлемдік стандарттар бойынша автомобильдердің сериялық шығарылымын қамтамасыз ету қабілеті аталды.
— Біз бірінші шетелдік серіктесті таңдауға өте салмақты қарадық. Қазақстан Li Auto автомобильдерінің шығарылымы басталатын Қытайдан тыс алғашқы ел болды, ал Allur брендтің сериялық өндірісін өзінің өндірістік базасында жүргізуге сенім білдірілген әлемдегі алғашқы серіктес болды, — деп атап өтті Li Auto халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Ву.
Li Auto автомобильдері EREV тізбекті гибридті жүйесін пайдаланады. Электр қозғалтқышы машинаны қозғалысқа келтіреді, ал іштен жану қозғалтқышы батареяны қайта зарядтау үшін тек генератор ретінде жұмыс істейді. Бұл сапарлардың көп бөлігін электр қуатымен жүргізуге және алыс бағыттар үшін қозғалыс қорын сақтауға мүмкіндік береді.
Жаңа модельдерді игеру Allur-дың электрондық жүйелерді баптау, жабдықтарды калибрлеу және жоғары технологиялық компоненттердің сапасын бақылау саласындағы құзыреттерін кеңейтуді талап етеді.
— Біздің алдымызда жаңа деңгейдегі міндет тұр. Зауытта қазірдің өзінде қажетті өндірістік база, халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесі және ең заманауи автомобиль технологияларын игеруге қабілетті команда бар, — деп атап көрсетті Allur өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Аргулан Майконов.
Бүгін Allur алаңдарында Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Škoda, Geely Galaxy, MG, Soueast және GAC автомобильдері жиналады. 2025 жылдың соңында кәсіпорын Қазақстандағы баламалы энергия көзіндегі алғашқы автомобиль — Geely Galaxy EX5 EM-i өндірісін іске қосты.