Республикалық бюджеттің шығыстары 99%-ға орындалды және 25,5 трлн теңгені құрады. Үкіметтің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. Аймақтарды қолдауға 7,7 трлн теңге, әлеуметтік салаға — 9,3 трлн теңге бағытталды.
Ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Студенттер үшін 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жатақхана пайдалануға берілді.
Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,1 млн шаршы метрге жетті. Әлеуметтік жағынан осал халық топтары үшін 5141 пәтер сатып алынды.
Инфрақұрылым және көлік
Жыл ішінде 980,5 км инженерлік-коммуникациялық желілер тартылды және 6,3 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды немесе жөнделді. Жұмыстар шамамен 13 мың шақырым автожолды қамтыды, оның ішінде 9 мыңы — республикалық трассалар және 4 мыңы — жергілікті маңызы бар жолдар.
Мемлекет әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауды жалғастырды. 62 облысаралық теміржол бағыты бойынша 16,2 млн жолаушы тасымалданды, 26 субсидияланатын әуе бағыты бойынша — 520 мың адам.
Ауыл шаруашылығын қолдау
Аграрлық секторды дамытуға 1,1 трлн теңге бағытталды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге көп.
Министр бюджеттің орындалуы қаражаттың игерілу пайызымен ғана емес, ең алдымен азаматтар, бизнес және аймақтар үшін нақты нәтижемен бағаланатынын атап өтті.