Жаңа көрсеткіш адамның барлық несиелері мен микронесиелерінің жалпы сомасын оның жылдық табысының сегіз еселенген мөлшерімен шектейді. Мақсаты — халықтың шамадан тыс қарызға батудың тәуекелдерін азайту.
Қазір қарыздық жүктеме коэффициенті (ҚЖК) 0,5 деңгейінде қолданылады. Ол тек ай сайынғы төлемдерді бақылайды — олар табыстың жартысынан аспауы тиіс. КДД барлық банктер мен МҚҰ-дағы жалпы қарыз көлемін бағалайтын болады.
Несие құрылымы сұрақ тудырады
Сарапшы Айгерим Ильясова халықтың шамадан тыс қарызға батқаны туралы тезисті даулы деп санайды. Оның айтуынша, несиелеудің жалпы деңгейі көрші елдердің көрсеткіштерімен салыстырмалы. Бірақ портфель құрылымы алаңдаушылық тудырады: халыққа берілген 25 трлн теңге несиенің шамамен 17 трлн теңгесі тұтынушылық қарыздарға тиесілі.
Мұндай несиелердің көпшілігі мүлік сатып алуға емес, ағымдағы шығындарға алынады. Тұтынушылық несиелеудің өсуі халық табысының өсуінен озып келеді.
Барлық несие түрлеріне бірдей лимит
Ұлттық банк әзірге ипотека, автонесие және тұтынушылық қарыздар үшін КДД-ның әртүрлі мәндерін енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Барлығына бірдей лимит қолданылады.
Ильясова сараланған тәсілді логикалық деп санайды: ұзақ мерзімге рәсімделетін және кепілмен қамтамасыз етілген ипотека үшін шек жоғары болуы мүмкін.
Қарыз алушылар үшін не өзгереді
Айына 400 мың теңгеден сәл жоғары жалақы кезінде жылдық табыс шамамен 5 млн теңгені құрайды. Сонда несиелердің ең жоғары сомасы 40 млн теңгеге жетеді. Тұтынушылық қарыздар үшін бұл жоғары лимит, ал ипотека үшін елеулі шектеу болуы мүмкін.
Жаңа ережeler ең алдымен бірнеше қолданыстағы несиесі бар және тағы бір несие алуды жоспарлап отырған адамдарға, сондай-ақ табысының бір бөлігі ресми түрде расталмаған адамдарға әсер етеді.
Сарапшы қазірдің өзінде табыстарды көлеңкеден шығаруды, ең қымбат қарыздарды жабуды және кемінде алты айға қаржылық жастық қалыптастыруды ұсынады.