Кешенді жекешелендіру жоспарын іске асыру баяулады. Негізінен коммуналдық кәсіпорындар бәсекелес секторға өтеді. Кейбір жағдайларда жергілікті органдар елді мекендердегі көшелерді абаттандыру және тазалауды тез әрі сапалы қамтамасыз ету мүмкіндігін жоғалтады.
Сонымен бірге квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі артып келеді. 2025 жылы осы сектор субъектілеріне 812 млрд теңге бағытталды, оның 57%-ы мемлекеттік тапсырмалар арқылы бөлінді.
Мемлекеттік тапсырмалар ведомстволық бағынысты ұйымдарды конкурстан тыс қаржыландыру нысанына жиі айналып барады. Жекелеген жағдайларда жұмыстар мен қызметтердің едәуір бөлігі бірлесіп орындауға беріледі. Қосымша квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алулар бойынша 1,4 трлн теңге алды.
Бюджет қаражатын игеру процесі орындаушылық тәртіптің төмендігімен және шектеулі нәтижелілікпен қатар жүреді. Квазимемлекеттік сектор бойынша деректер үкімет есебіне енгізілгеніне қарамастан, олардың жалпыұлттық міндеттерді шешуге әсері ашылмаған күйінде қалып отыр, деп атап өтті Жоғары аудиторлық палатада.