2023–2024 жылдары Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымның бірқатар халықаралық мәселелер бойынша, соның ішінде Израиль-Палестина қақтығысы және кейбір мүше мемлекеттердегі террористік актілер бойынша ортақ ұстанымын келісудің сәті түсті.
Басты оқиға 2024 жылы Астанада ШЫҰ саммитінің өткізілуі болды. Алғаш рет мүше мемлекеттердің, бақылаушылардың, серіктестердің және халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесу өтті.
Астана саммитінің қорытындылары
Кездесу қорытындысы бойынша Астана декларациясы және шамамен 20 шешім қабылданды. Олардың қатарында 2024–2029 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегия және іс-қимыл бағдарламасы, 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және ШЫҰ экономикалық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бар. Мемлекет басшылары сондай-ақ ұйым жұмысын жетілдіру бойынша Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынысын мақұлдады.
ШЫҰ Бас хатшысы одан әрі жаңғыртудың қажеттілігін атап өтті. Бірлестік жұмысына ғылыми-сараптамалық және университеттік қауымдастықтарды белсендірек тарту және талқылау үшін жаңа алаңдар құру міндеті басымдыққа ие.
Ұйымның ауқымы
Бүгінгі таңда ШЫҰ-ға 10 мүше мемлекет кіреді. Олардың жалпы аумағы шамамен 36 млн шаршы километрді құрайды — бұл әлемдік құрлықтың төрттен біріне жуық. Ұйым елдерінің халқы 3,4 млрд адамнан асады, немесе планета халқының шамамен 40 %-ын құрайды. Қатысушылардың үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің төрттен біріне жуығы және халықаралық сауданың 15 %-ынан астамы тиесілі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттері арасындағы тауар айналымы жеті пайызға өсіп, 700 млрд АҚШ долларына жақындады. Ұйым жұмысына сондай-ақ Моңғолия мен Ауғанстан қатысады, диалог бойынша серіктес мәртебесіне 15 ел ие, тағы шамамен 20 мемлекет ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.