Қазақстан аумағында шет мемлекеттердің сұраныстары бойынша іздеудегі 371 адам табылды. Олардың 107-сі ұсталды.
Астанада криминалдық полиция ерекше ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша мемлекетаралық іздеуде болған күдіктіні ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша ол Алматыда тұрғын үй кешенін салу сылтауымен үлескерлердің ақшасын иемденген — шығын шамамен 1,5 млрд теңге деп бағаланады.
Алматыда ҚР ІІМ Ұлттық орталық бюросының Интерпол сұранысы бойынша хорват құқық қорғау органдары іздеудегі шетелдік ұсталды. Ол 30 млн еуро көлемінде қаражатты ұрлау және заңдастырумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Тбилисиде Қазақстан ІІМ сұранысы бойынша халықаралық іздеуде болған Қазақстан азаматы ұсталды. Ол автокөлік сату кезіндегі алаяқтықтар сериясы бойынша күдікті саналады — зардап шеккендерге 118 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Қазір экстрадиция мәселесі шешілуде.
Молдова аумағында Қазақстан бастамасымен іздеудегі шетелдік ұсталды. Тергеу деректері бойынша ол Қарағанды облысындағы есірткі зертханасының жұмысын криптовалюталық аударымдар және мессенджерлер арқылы үйлестіріп, қаржыландырған. Зертхана бұған дейін жойылып, есірткі, жабдық және прекурсорлар тәркіленген.
Қазақстан ІІМ ел ішінде де, шетелде де қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды іздеу және ұстау жұмыстарын жалғастырады.