Қаза тапқан қыздың туыстары мен олардың өкілі қылмыстық істің бірінші томынан жетінші томына дейінгі материалдардың көшірмелерін алды. Құжаттармен танысу жалғасуда.
Процестің барлық қатысушылары өз құқықтарын іске асырған соң, материалдар сотқа беріледі. Шымкент полиция департаментінде тергеу аяқталғаны және тараптардың соңғы кезеңде оқып жатқаны расталды.
Еске салайық, биылғы жылдың 11 қаңтарында Шымкентте көшеде студент Нурай Серикбайды пышақпен өлтіріп кеткен. 28 жастағы Шерхан Аймаханды ұстап, тергеу изоляторына қамаған. Істі «Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабына ауыстырған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Шымкент полициясының әрекеттері тексерілуде. Полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды, бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды. Полицейлердің немқұрайлылығы фактісі бойынша жеке іс қозғалған.
Тергеу барысында күдіктіні мәжбүрлеп емдеуге жіберген, алайда сот-психиатриялық сараптама оны есі дұрыс деп таныған. Шерхан Аймахан сот алдына шығады.