Жаңалықтар

Ақтоғай ауданында сүт компаниясының алты қызметкері қаза тапты

20 шілдеде Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында болған жазатайым оқиға салдарынан алты адам қаза тапты.

22 шілде 2026 · 11:04·Оқу: 2 мин

Ақтоғай ауданында сүт компаниясының алты қызметкері қаза тапты
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·22 шілде 2026

Тағы бір қызметкер дәрігерлердің бақылауында және медициналық көмек алып жатыр.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссия толық тергеу жүргізіп, оқиғаның себептерін анықтап, осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау шараларын ұсынуы тиіс.

Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен қызметкерге қолдау көрсетіледі. Жұмыс беруші материалдық көмек төлейді, қаза тапқандардың отбасыларына жыл соңына дейін олардың жалақысы мөлшерінде қаражат аударады және несиелік міндеттемелерін өтейді. Сондай-ақ компания қаза тапқандардың кәмелетке толмаған балаларының қамқорлығы мен оқу шығындарын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін өз мойнына алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев Павлодар облысына келді. Ол жердегі жағдаймен танысты, өңір басшылығы және құқық қорғау органдарымен үйлестіру кеңесін өткізді, сондай-ақ қаза тапқандардың туыстарымен кездесті.

Құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеудің барысы үкіметтің бақылауында.

Пікірлер