АЭС құны бірнеше факторлардан тұрады. Олардың ішінде — реактор технологиясының түрі, энергоблоктар саны, ядролық және радиациялық қауіпсіздік бойынша ұлттық заңнама талаптары, сондай-ақ алаңның геологиялық және климаттық жағдайлары.
Шығын құрылымына сыртқы инженерлік инфрақұрылымға жұмсалатын шығындар, қазақстандық мамандарды даярлау, нысанның физикалық қорғалуы және алғашқы жылдардағы ядролық отынды сатып алу шығындары да кіреді. Бұл баптардың барлығы қазақстандық жобада да қарастырылған.
Неге 1200 МВт блоктар таңдалды
Энергоблоктардың қуатын 1200 МВт етіп белгілеу электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Болжам бойынша, елдегі тұтыну жыл сайын шамамен 4 %-ға, ал Оңтүстік аймақта 5,5 %-ға артады. Қосымша жүктемені өңдеуші өнеркәсіптің дамуы, деректер орталықтарының салынуы және жасанды интеллект технологияларының енгізілуі тудырады.
ВВЭР-1200 жобасы
Қазақстанның алғашқы АЭС-і үшін ВВЭР-1200 жобасы таңдалды. Бұл «Росатомның» флагмандық технологиясы, ол Египетте, Венгрияда, Қытайда, Түркияда, Бангладеште және Беларусьте қолданылады немесе қолданылуы жоспарлануда. Дәл осындай реакторлар жаңа ресейлік станциялардың негізі болады.
Бердіғұловтың айтуынша, инфляцияны ескергенде қазақстандық жобаның құны ВВЭР-1200 негізіндегі басқа халықаралық жобалармен салыстырмалы. Станцияның түпкілікті бағасы әзірге белгіленбеген: ол инженерлік іздестірулерден, жобалық құжаттаманы әзірлеуден және келісімшарттарды келісу нәтижесінде қалыптасады.
Күтілетін әсер және басымдықтар
АЭС салу энергетикалық қауіпсіздікке ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Жоба мультипликативті әсер беруі тиіс: жұмыс орындарын құру, отандық өнеркәсіпті дамыту, кадрлар даярлау және ядролық медицина мен радиофармацевтика қоса алғанда, ғылымды қажет ететін салаларды ынталандыру.
Басымдықтар ядролық, радиациялық, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік, сондай-ақ МАГАТЭ талаптарына толық сәйкестік болып қала береді.