Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Сарықасқа және Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы қатты жаңбыр жауып, екпінді жел соққан. Осыдан кейін Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майқомген ауылдық округінің шаруашылықтарында қой мен ешкінің жаппай қырылуы тіркелген.
Оқиға орнына аудандық ветеринария станциясының бес маманы мен техникасы шықты. Олар жақында қырқылған малдың ұзақ уақыт жаңбыр астында қалып, тоңып, балшыққа батып қалғанын анықтады.
Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жангазы Еркинов жағдайды жазғы жайылымдарда баспаналардың болмауы қиындатқанын қосты.
Қазіргі уақытта ауданда қырылған малды утилизациялау жұмыстары жалғасуда. 1-3 маусым аралығында Атырау облысында айлық нормадан бір жарым есе артық жауын-шашын түскен.