Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалардың барысын және серіктестіктің жаңа форматына көшудің перспективаларын қарастырды. Қазақстан болашақ Елдік бағдарламаның параметрлері бойынша алдын ала консультацияларды бастауға дайындығын растады.
Аскарбек Ертаев республиканың Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалицияға қосылғанын және ХЕҰ мен әлеуметтік әріптестермен оның аясында белсенді жұмыс істеуге ниетті екенін хабарлады. Басым бағыттардың бірі ретінде цифрландыру мен жасанды интеллекттің жұмыспен қамтуға әсерін зерттеу ұсынылады. Бұл мәселені маусым айының соңында Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша ХЕҰ Бюросының директоры Михаил Пушкиннің Астанаға сапары кезінде талқылау жоспарлануда.
Жол картасының нәтижелері
Министр ХЕҰ Бас директорына Жол картасының орындалуы туралы айтты. Ұйымның сарапшыларымен бірлесіп қауіпсіздік және еңбек гигиенасы бойынша үш аналитикалық жоба, оның ішінде шахталардағы және инспекция жүйесіндегі жағдайға шолу жүргізілді. Осы жұмыстың негізінде Қазақстан № 176 Конвенцияны ратификациялау рәсімін бастады.
Кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін өтемақылықтан проактивті тәсілге ауыстыратын заңнамаға түзетулер дайындалды. Өзгерістер 2026 жылға арналған заң жобалары жоспары бойынша әзірленіп жатқан заң жобасына енгізілді.
2025 жылғы 20 қазанда Президент № 131 ХЕҰ Конвенциясын ратификациялау туралы заңға қол қойды. Ұжымдық еңбек дауларын реттеу бойынша түзетулер сараптамалық бағалау үшін ХЕҰ-ға жіберілді. Сондай-ақ «Әлеуметтік әріптестік туралы» заң жобасы және жұмыс орнындағы жыныстық қудалаудан қорғайтын түзетулер әзірленуде.
Кездесудің соңында Аскарбек Ертаев Питер ван Ройды Еуропа және Орталық Азия бойынша ХЕҰ Аймақтық бюросының директоры болып тағайындалуымен құттықтады.