Мемлекет басшысына 180 адамға арналған жатақхана көрсетілді. Қазір онда елдің әртүрлі аймақтарынан 116 бала тұрып, жаттығуда.
Академияға іріктеу төрт мыңнан астам қазақстандық баланың қатысуымен өтті. Испандық жаттықтырушылар ойыншыларды іріктеп, оларға оқу, жаттығу және өз бетінше сабақтар үшін толық жағдай жасады.
Президентке даму жоспарлары ұсынылды: екі ашық жасанды жабынды алаң, 500 орындық жабық манеж және жаңа әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салу. Академия орны климатты ескере отырып таңдалды — Талғар ауданының таза тау ауасы балалардың тезірек қалпына келуіне көмектеседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ФИФА стандарттарына сәйкес келетін футбол алаңын қарап шықты. Бұл кезде жас футболшылар испан әдістемесі бойынша техника мен командалық өзара әрекеттесуді жаттықтырды.
Іс-шараға Қазақстандағы Испания елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» дирекция кеңесінің мүшесі Давид Вилья және клубтың академия істері мен халықаралық даму жөніндегі директор орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.
Президенттің Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму презентациясынан басталды, содан кейін ол GREEN ECO жылыжай кешеніне барды.