Бүгінгі таңда тянь-шань қоңыр аюы Қазақстанда сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жануар түрі саналады, ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оның мекені — Памир, Тянь-Шань және Гималай таулары саналады. Қазақстанда тянь-шань қоңыр аюы Өгем және Пскем жоталарында, Қаржантау, Кетмень тауларында, Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей — Теріскей Алатауында және Жоңғар Алатауында мекендейді. XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының көп бөлігінде кәдімгідей кездесетін, кейіннен саны барлық жерде азайды. Қазіргі уақытта Жоңғар Алатауында шамамен 300 аю мекендейді. Тянь-Шаньның қазақстандық бөлігінде шамамен 200 дарақ, ал Ақсу-Жабағылы қорығында 65-70 дарақ есептеледі.
Негізінен аю салыстырмалы түрде шағын мөлшерде болады: дене ұзындығы 140 см-ге дейін, салмағы 300 кг-ға дейін, бірақ бәріндегі сияқты мұнда да ерекшеліктер бар, мәселен, Мәскеуде биіктігі үш метрге жуық, 700 келілік алып Добрыня тұрады. Аю жидекпен дәм татқанды ұнатады, оның қоректік рационына мыналар да кіреді: тұқымдар, жемістер, жасыл бұтақтар, кейбір өсімдіктердің тамырлары;
жәндіктер мен олардың личинкаларынан, бақалардан, кесірткелерден де жиренбейді, тіпті өлексені де жейді. Тянь-шань аюларының үй малы мен ара ұяларына шабуыл жасауы өте сирек, ал адамдарға шабуылы тіпті белгісіз. Аюлар қазан айының ортасы — қараша ортасынан наурыз ортасы — сәуір ортасына дейін созылатын, 5-7 ай қыстық ұйқыға кетеді. Қыс ортасында ұрғашы аюдан 1—2, кейде 3 күшік туады, ал қызығы сол — туылғанда аю күшіктері небәрі 500 г-нан ғана тартады. Анасы өзінің кішкентайларын жарты жылға жуық емізеді. Бұл аңдардың негізгі бөлігі наурыз ортасы — сәуір ортасында апандарынан шығады. Жарық уақытта аңдар белсенді, әсіресе ерте таңертеңгі және кешке таяу сағаттарда. Көктемде, күзде, кейде жазда да аюларды күндіз де кейде кездестіруге болады. Аюдың жалпы өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 30 жыл. Аюлар үшін негізгі қауіпті адам қызметі төндіреді, кейде жалғыз жүрген жас аңдарға қасқырлар мен барыстар қауіп төндіреді. 1976 жылға дейін Қазақстанда аюға лицензия бойынша спорттық аң аулау жүргізілген, қазір тыйым салынған.